Алматы университеті
ҚР Мемлекеттік рәміздері
facebook youtube google
eye 
Қазақша Русский English  中文
Галереядан сурет

 

Ән-жырым сенсің, Алматы!

 

Алматы қаласы ОКЖ-нің №4 кітапханасында 18 мамыр күні ару қала Алматының мыңжылдық мерейтойына арналған «Ән-жырым сенсің, Алматы»атты қалалық танымдық байқау өтті. Биыл әр қазақтың мақтанышы мен мәртебесіне айналған Алматының 1000 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойлануда. Бәріміздің тағдырымыздың, бәріміздің жастық шағымыздың, кемел кезіміздің куәсі болған Алматының өнегелі өткені де, шежірелі тарихы да, бүгінгі келбеті де керемет!

 

 

 

Байқауға арнайы ұйымдастырылған «Қазағымның мәртебесі – Алматы!»атты көрменің электронды видеопрезентациясы арқылы оқырмандар еліміздің мәдени ордасына айналған, әлемге ұлттық нақышымен, сұлу келбетімен танылған ару қаламыз Алматыға әдеби саяхат жасады.

 

 

Байқауды ұйымдастырудағы мақсат – мыңжылдық тарихы бар, тәуелсіздігіміздің алтын бесігі болған арман қаламыз Алматы туралы ақындық өнерге ден қойған жас ақындардың үздік жырларын таңдау, дарынды өнер таланттарын іздестіру, жас толқындардың поэзия, өнерге деген қызығушылықтарын арттыру, талаптарын ұштау, жастарды Отанын, өз қаласын сүюге үндейтін жауһар жырлар жазуға ынталандыру, қаламгерлік шеберліктерін дамыту.

Байқауға қатысқан қаламыздағы жоғары оқу орындарының дарынды жастары:Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының «Жас қыран»тобының құрамында Жаңғабаев Нұрбек пен Сайлау Сымбат болса, Қазақ Қыздар Мемлекеттік Педагогикалық Университетінің «Қос қызғалдақ»тобындағы қайсар қыздарымыз Әбзел Ажар мен өмірдің әр сәтінен сабақ алып жүретін Байымбетова Бақытжамал.

 

Қасиетті қара шаңырақ Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінің «МузAlmaty» тобының өнерлі қыздары:Тәжібаева Роза мен Айкүміс Бөлеген, «Сөнбес алау» тобының сегіз қырлы бір сырлы жігерлі жастары Насыр Ерсін мен Әліп Нұрахмет Алматы Университетінің атынан қатысып, бақ сынасты.

 

 

Сайыскерлердің өнеріне баға берген қазылар алқасының құрамына: Шакиева Бүбіхан Баратқызы – «Алматыкітап» баспасының вице-президенті, Рамазан Өмірәліұлы Стамғазиев – әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Әміре Қашаубаев атындағы ән байқауының жеңімпазы, ұлағатты ұстаз, Ләззат Тынышбайқызы Мамедова – Алмалы ауданы әкімшілігінің мәдениет бөлімініңбасшысы, Роза Қасымбекқызы Қабиева – Алматы қаласы Орталықтандырылған Кітапхана Жүйесінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері; Серік Қалиев – ақын, Республикалық ақындар айтысының жүлдегері шақырылды.

Сайыскерлер 5 айналым бойынша өнер көрсетіп, сынға түсті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды жастар үшін Алматы – арман қала емес, сол арманның орындалатын қаласына айналғандығына куә болып жүрміз.

 

«Жастығымның куәсі – Алматы» атты алғашқы айналымда сайыскер топтар арнайы дайындалған слайд, видеороликтер арқылы өздерін, білім ордаларын таныстырды. Жасампаздықтың, жасыл желектің, мәңгілік жастықтың ордасындағы өткізген әр күнін бақытқа балайтын сайыскерлеріміз әдеби-сазды композициялар арқылы таныстыруларын көрермендердің назарына ұсынып, өздерінің бұл мерейтойлық шараға үлкен шығармашылық тартумен, терең біліммен келгендерін көрсете білді.

 

 

«Алматы, сен бізді ақын еттің» атты мерекелік жыр-мүшайра айналымында сайыскерлер өз шығармашылықтарынан Алматы қаласының мерейтойына арнап шығарған жаңа жырларын мәнерлеп оқыды. «Қос қызғалдақ» тобындағы Әбзел Ажар «Махаббат ордасы» деген шабытты жырын «Бар аңсарым өзіңде болғанменен, Ауылымнан артық деп түсінбеймін» деп шынайылықпен қорытындылады.

«Жас қыран» тобының құрамындағы жас ақын Нұрбек Жаңғабаев «Жүрегіме орнатқан бейішімсің Алматы» деген жүрекжарды жырын оқыса, көптеген жыр-мүшәйраларының жеңімпазы Роза Тәжиева арман қуып келген Алматының өміріндегі орны жайлы «Шаһар жайлы жыр» шығармасында толғады. «Сөнбес алау» тобындағы Әліп Нұрахмет те алып шаһардың келбеті мен көркін жырына арқау етті. Бір бастарына мың қуаныш, мың қайғы сыйлаған, студенттік өмірдің, ақ жарқын көңілдердің ғажайып сәттеріне куә болған асқақ қала Алматыға отты жырларын арнаған жас ақындар қазақ әдебиетінің болашағы деп толық сеніммен айта аламыз.

 

 

Еліміздің тарихымен бірге жасасып келе жатқан оңтүстік астанамыздың өткені мен бүгінгі тынысы әр қазақтың назарында жүрері анық.

Осы орайда, «Мыңжылдық шаһар Алматы» кезеңінде сайыскерлер ұяшықтар таңдау арқылы Алматы қаласының тарихына, мәдениетіне, руханиятына, сәулетіне, көшелеріне байланысты қойылған сұрақтарға жауап берді. Ұтқыр сұрақтарға ұтымды жауап берген сайыскерлеріміз тарихы тұнған шежіре қала Алматы жайлы өздерінің терең білімдерін, тапқырлықтарын көрсете білді.

 

 

 

«Шабытымның шалқырысың, Алматы!» атты шығармашылық бәйгеде сайыскерлер экран арқылы көрсетілетін тапсырма бойынша өздерінің шешендік, ақындық, тапқырлық шеберліктерін, шығармашылық қабілеттерін паш етті.

 

 

 

«Жас қыран» тобына «Алматының кешінде, Алатаудың төсінде», «МузAlmaty» тобына «Бал шырын алма бағы бар» тақырыбы берілді. «Алматы – астанасы махаббаттың» тақырыбы «Қос қызғалдақтарға» бұйырса, ал «Көктөбенің етегі – көктем кешкен бір мекен» тақырыбын «Сөнбес алау» тобы таңдап алды. Әр топ өздеріне берілген 5 минут уақыт аралығында бәйге сахнасына бірінші болып шығуға асықты.

 

 

 

Шешендік пен жылдамдықты талап еткен бұл айналымда жас өнерпаздар аянып қалмады. Бірі әуелете ән шырқап, бірі ақындық қырымен танылса, бірі театрландырылған қойылым да қойып жатты. Бірінші болып сахна төріне «Жас қыран» тобы суырылып шығып, ару қаламыз туралы ән де шырқады, жауһар жыр да оқыды. Бар өнерлерін ортаға салған өрендеріміз суырыпсалмалық қасиет бойына сіңген бабаларымыздың сара жолын жалғағандай әсер қалдырды.

Әсем қала Алматы жайлы қалам тербемеген ақын, ән арнамаған композитор некен-саяқ екендігі хақ. «Әнім сенсің, Алматы» айналымында сайыскерлер ару қала Алматы туралы әсем әндер орындады.

Алматыға деген айрықша сүйіспеншілік сезіммен орындалған халықтың құлағына сіңісті болып кеткен «Сағындым Алматымды» әнін Сайлау Сымбат,«Алматым жүрегімде» әнін Байымбетова Бақытжамал орындады. Айкүміс Бөлеген Тұрсынбек Шапайдың «Алматы күзі» әнін, Насыр Ерсін «Алматының түндері»әнін шырқап, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды.

 

 

Кеш аясында көрермендер жүректерге нұр құйып, жыр сыйлаған, көңілдерге көркем ой салатын келбетті Алматымызға арналған жауһар жырлар мен Алматы қаласы туралы жауһар жырларға шалқыған әуен қосып, әрлендіре түскен сазгерлердің әсем әндерімен де сусындады.

 

Білім ордасының үкілеген үміті болып отырған сайыскерлердің жанкүйерлері де «Көрермендер көрімдігі» атты электронды ойын-викторинаға белсене қатысып, Алматы қаласы туралы керемет кітаптар ұтып алды.

 

 

Жанкүйерлердің тарапынан Елемесова Бағдат, Қастей Айдос, Тұран Бекарыс сынды талапты да талантты жастар көрікті қаланың мерейтойына арнап әннен шашу шашты. «Алматы түні», «Ай-ару», «Нұрлы көктем», «Қазақ елі осындай» әндері барша көрерменге көтеріңкі күй сыйлады. Марлен Айт-Ақын аналарға арналған өлеңін оқып берді.

Танымдық байқауды кітапхананың тұрақты оқырмандары, Алматы университетінің студенті Марлен Айт-Ақын мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінің студенті Ермек Тулеуов жүргізді.

 

 

Талас пен тартысқа толы байқау қорытындысы бойынша «Сөнбес алау»тобы ІІІ орынға«Қос қызғалдақ» тобы ІІ орынға ие болса, І орын «МузAlmaty»тобының қыздарына бұйырды. Бас жүлдені «Жас қыран» тобының өнерпаздары қанжығаларына байлады. Сайыскерлер арнайы дипломмен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Берекесі мен мерекесі, тірлігі мен бірлігі жарасқан – Алматы. Талай тағдырды тоғыстырған, жалғыз жүректерді табыстырған – Алматы. Қуаныш пен шаттықтың, жастық пенен қарттықтың куәсі болған – Алматы. Ақындарға жыр болған, сазгерлерге әуенмен шертер сыр болған, асқақ елдің алтын ордасы, өнер мен білімнің, әдебиет пен мәдениеттің ошағына айналып, талай жастың көкірек көзін ашып, талантты тау тұлғаларды тәрбиелеген, алақанға салып әлдилеген – Алматы.

Міне, осы Алматыны жастарымыз жалынды жырларымен тербеп, әуелеген әндерімен әлдиледі. Әлем таныған әсем қаламыз Алматының мәртебесі әрқашан да биік болсын! Кербез Алатаудың көрікті қойнауынан орын тепкен көркем Алматының әрбір таңы арайлы, әрбір күні мерекеге толы болсын!

 

 

 

Ұлты ұлықтаған дара тұлға – Әлихан Бөкейханов

 

Сәуірдің бірі күні Алматы қаласы ОКЖ-нің №4 кітапханасында ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойына арналған «Ұлты ұлықтаған дара тұлға – Әлихан Бөкейханов» атты дөңгелек үстел өтті.

Биыл қазақ халқының аяулы ұлы Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында тойланып жатыр. Әлихан Бөкейханов –бесаспап білімпаз, ғибраты мол ғұлама, ұлт тәуелсіздігі жолындағы көреген идеялардың авторы. Тәуелсіз Қазақстанның дәл бүгінгідей жарқын болашағын болжап, ұлт болып өркендеудің бағдарламасын жасаған ұлт көсемі.

Мәдени шараның мақсаты – Алаштың аяулы да ардақты перзенті Әлихан Бөкейхановтың өнегелі өмірі, қайраткерлік болмысы мен еліміздің тәуелсіздігі жолындағы атқарған ерен еңбегін ұлықтау, саяси салиқалы ой-тұжырымдарын, баға жетпес ұлан-ғайыр шығармашылық мұраларымен таныстыру арқылы бүгінгі жас ұрпақты отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу.

 

 

Дөңгелек үстелге көрнекті тарихшылар, әдебиетші ғалымдар, көрнекті журналистер: Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы – Қанипаш Қайсақызы Мәдібаева, ақын, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты – Аманхан Әлімұлы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағының лауреаты, «Ана тілі» газетінің бас редакторының орынбасары –Нұрперзент Жандәулетұлы Домбай, жазушы, қонаевтанушы, ҚР мәдениет қайраткері – Ораз Қауғабай қатысып, көрнекті мемлекет қайраткерінің сан қырлы қызметі, асыл мұраттары мен асқақ армандары жайында сыр шертті. Сондай-ақ, Қазақ Қыздар Мемлекеттік Педагогикалық Университетінің, Алматы Университетінің, жаңа технологиялар колледжінің, Алматы Полиграфиялық колледжінің ұстаздары мен студенттері, кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысып, дөңгелек үстел қонақтары мен оқырмандар арасында ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов туралы қызықты сыр-сұхбатқа ұласты.

Оқу залының төріне «Алаш көшбасшысы – Әлихан Бөкейханов» атты кітап көрмесі қойылды. Экраннан арнайы дайындалған «Алаштың Әлиханы» атты слайд-презентация мен «Ұлт көсемі» атты деректі фильм көрсетіліп тұрды.

Халықтың үнін тірілтіп, рухын оятып, бабалардың мұратын жалғаған ұлт қайраткері Бөкейханов – орманшы, пубицист, аудармашы, әдебиетші, тарихшы. Баяндамашылар Алаш арысының өнегелі өмір мен күрескерлік келбетіне жан-жақты тоқталып, оқырман қауымға құнды ақпараттар берді. Ақын Аманхан Әлім өз сөзінде Әлихан Нұрмұхамедұлының «Кадет» партиясынан шығу себебіне және массондық ұйымға мүше болғандығы жайлы сөз қозғады. Ұлт тұтастығы мәселесін басты бағдарға алып, түрлі саланы меңгерген алаш зиялылары: Ә.Бөкейханов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ә.Ермеков, М.Тынышбаевтың өмірлерінен мысалдар келтіре отырып, «Болмасаң да, ұқсап бақ» демекші, сол жандардың сара жолын жалғау жастардың алдындағы міндет екендігін баса айтты. «Ол үшін терең білімді, ұстанымдарың берік, мықты болыңдар!» – деп сөзін түйіндеді. Отаным деп отқа түсіп, қазағым деп қан кешкен Әлихан Бөкейхановтың қазақ әдебиеті саласына сіңірген еңбегі жайлы Қанипаш Қайсақызы жан-жақты тоқталып, «Қобыланды батыр» жыры мен «Қалқаман-Мамыр» дастанын мәтіннамалық тұрғыда салыстырып, абайтану саласының негізін қалаушы – Әлихан Бөкейханов екендігін айтып өтті.

 «Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сертін мүлтіксіз орындаған Бөкейхановтың ұлт алдындағы ерен еңбегі жайында Нұрперзент Домбай тың деректермен бөлісті. Жазушы Ораз Қауғабай Алашорда үкіметінің гимні болған «Алаш ұраны» әнін бала кезінде әжесі ылғи да орындап, санасына жатталып қалғандығын айтты. «Қазақтың құлаған туын қайтсем көтерем деген ұлт зиялысының басты қаруы – ақыл-ойы болған. Білім жолында әрдайым ізденісте болыңдар» деп жастарға жол нұсқады.

 

«Әлиханов әлемі – өзгеше әлем» және «Алаш идеясы – Мәңгілік Елдің ұйытқысы» тақырыбындағы баяндамаларымен Алматы Университетінің тарих факультетінің 1-курс студенттері Азаматова Аяна мен Азаматова Диана арнайы дайындаған слайдтар арқылы ой бөлісіп, ұлтымыздың мақтанышы болған дара тұлға құрған «Алаш» партиясы бағдарламасының негізгі ұстанымдары мен қағидалары – «Мәңгілік ел» болу идеясына жол салып, бастау болды деп атап кетті. «Мәңгілік Ел» идеясының келешегі барша қазақстандықтардың қолында екеніне тоқталды.

Сәулетбай Бақтыбайұлы Нұрғиса Тілендиевтің «Алтын дән» күйін, Қабыл Арнат «Адай» күйін орындады. Мәдени шараны Жиренше Ерлан «Көк тудың желбірегені» әнімен аяқтады.

Дара тұлғаның: «Тірі болсақ – алдымызда үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар!» - деген жалынды сөздері расқа айналды. Ұлт көсемі аңсаған Қазақ Елі бүгінде Тәуелсіздік көгіне самғай көтерілді. Елін сүйген Ұлы тұлғаның жарқын бейнесі барша қазақтың жүрегінің төрінде кемелдікке бастаған келешектің көк туы болып желбіреп тұра берсін!

 

 

Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл

 

№4 кітапханада халық поэзиясының дүлділі, ғасырлық ғұмырымызда арыны басылмаған алып жыршы Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл толуына арналған "Жүз жыл жырлаған жыр алыбы – Жамбыл ақын" атты әдеби-сазды портрет кеші және М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижановтың "Ұлы дала тұлғалары" сериясы аясында шыққан "Жамбыл" атты жаңа кітабының тұсаукесері болып өтті.

Әдеби-сазды шара Ұлы Даланың Ұлы тұлғасы Жамбыл Жабаевтың шығармаларын насихаттап, ақындық талантын жастардың жүрегіне ұялату арқылы поэзияны сүюге, бағалай білуге үйрету, отты жырлары арқылы Отансүйгіштікке баулу және жаңа кітаппен таныстыру мақсатында өтті.

Мәдени шараға қадірлі қонақтар:журналист, жазушы, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА-ның мүше-корреспонденті, академик, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері – Уәлихан ҚалижанұлыҚалижанов, композитор-күйші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Шәміл Әбілтаев, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкерлері: Гүлжаһан Жұмабердіқызы Орда, Нұрдәулет Бабиханұлы Ақыш, Жолдасбек Ормаханұлы Мәмбетов, баспагер – Бейсенбай Сүлейменов қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.

 

 

Алматы Мемлекеттік энергетикалық және электронды технология колледжінің, Алматы Полиграфиялық колледжінің студенттері мен Алматы Университетінің студенттері,кітапхананың тұрақты оқырмандары да қатысып, кеш қонақтарына ұтқыр сұрақтар қойып, дидарласып жатты.

"Жамбыл" кітабының тұсаукесер рәсімімен бастау алған әдеби кеш қонақтардың жылы лебіздерімен жалғасын тапты. Сөз алған кеш қонақтары шұрайлы жырдан өшпес мұра қалдырған дауылпаз ақынның өнегелі өмір жолы мен тот баспас асыл мұрасы жайында құнды деректер айтып, жауһар жырларын жан-жақты талдады.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, "Жамбыл" кітабының авторы Уәлихан Қалижанұлы аталмыш зерттеу еңбегінің шығу тарихына және мазмұнына тоқталып кетті. "Білім жарысы жүріп жатқан қазіргі қоғамда ерінбей кітап оқып, ізгіліктің жолына түсіңіздер" - деп сөзін түйіндеді.

Уалихан Қалижанұлы өз қолтаңбасымен «Жамбыл» кітабын Алматы университетінің кітапхана қорына және студенттеріне сиға тартты.

 

 

Күйші Шәміл Әбілтаев Бауыржан Жақыптың сөзіне жазылған "Жамбылдың киесі" әнін орындап, өзінің Уәлихан Қалижанға арналған "Ұлт ұйытқысы Уәлихан" атты тамаша күмбірлеген күйін көпшіліктің назарына ұсынды.

 Әдеби-сазды портрет кешін №4 кітапхана қызметкері Айгерім мен  Алматы университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының» 2 курс студенті Айтақын Марлен жүргізді.

 

 

 

Алматы қаласы Орталық кітапхана жүйесінің №4 кітапханасында қалың оқырманға есімі мәшһүр көрнекті қаламгер, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Бексұлтан Нұржекеұлының 75 жылдық мерейлі мерейтойына арналған «Көркемсөз патшалығының хас шебері» атты әдеби-сазды кітапханалық бенефис өтті.

Мәдени шараға жазушының қаламгер әріптестері, қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары:жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар, Журналистер Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Кәдірбек Сегізбаев,ақын, аудармашы, көсемсөзші, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі – Қуанышбай Құрманғалиқатысып, мерейтой иесінің өнегелі өмір жолы мен шығармашылығы жайлы ой бөлісті. Сонымен қатар, жоғары оқу орнының студенттері мен Алматы Университетеінің студенттері, кітапхананың оқырмандары қатысты.

Экраннан арнайы дайындалған «Мәңгілік махаббат жыршысы» атты слайд-презентация, бейнебаяндар көрсетіліп тұрды. «Сырлы сезім суреткері» атты кітап жаймасы ұйымдастырылып, кітапхана қызметкерлері көрмеге шолу жасап өтті.

Кітапханалық бенефисті мерейтой иесі Бексұлтан Нұржекеұлы өзі ашып, оқырмандар алдында өзінің өмір белестері мен шығармашылыққа келу жолы жайлы сыр шертті.

 

Қаламгердің замандасы Қуанышбай Құрманғалиөз өнерін өзгелерге мойындата білген қарымды қаламгердің шығармаларының мазмұнына терең тоқталып, саралап өтті. Кітапхананың тұрақты оқырманы Телеуғали Тайман Бексұлтан інісіне деген өзінің ағалық лебізін білдіріп кетті.

         Оқырмандардың ұтымды сауалдарына кеш қонақтарының тарапынан ұтқыр жауаптар беріліп отырды. 

 Алматы Университетінің 3 курс студенті Тарыбай Ботакөз жазушыға осы мәдени шара аясында шығарған өзінің арнауын оқып, жырдан шашу шашты.

 

Сондай-ақ, Чайковский атындағы музыкалық колледждің, Алматы Университетінің, Алматы Полиграфилық колледжініңәнмен сусындап өскен дарынды өнерпаздары: Қадырбай Нұрдәулет, Куткужина Толқын, Насыр Ерсін, Қастей Айдос мерейтой иесінің құрметіне лирикалық әсем әндер орындап, кеш мерейін үстем етті.

 

 

Мұқағали Мақатаевтың 85 жылдық мерейтойына арналған әдеби-сазды портрет кеші

 

Алматы қаласы ОКЖ-нің №4 кітапханасында қазақтың ақиық ақыны, Қазақстан Респуликасының Мемлекеттік сыйлығының иегері Мұқағали Мақатаевтың 85 жылдық мерейтойына арналған «Әннің гауһары, жырдың жауһары – Мұқағали ақын» атты әдеби-сазды портрет кеші ұйымдастырылды.

Ақынның өмірімен, шығармашылық мұрасымен таныстыру, ақын шығармалары арқылы шындықты, сұлулықты қадірлей білуге тәрбиелеу, ақынның жауһар жырларынан нәр алып, жастардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында өткізілген бұл мәдени шараның жыр сүйер жас қауымды поэзия әлеміне бойлату жолында маңызы зор болды. 

Әдеби кешке арнайы қонақтар: ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Шешен Республикасының ең жоғары Мемлекеттік «Ұлт намысы» орденінің иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Рафаэль Ниязбек, ақын, Б.Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы, Қазақстан Жазушылар Одағы балалар әдебиеті кеңесінің жетекшісі – Сұлтан Қалиев,Мұқағали Мақатаевтың ұлы – Жұлдыз Мақатаев, Бағдат Мәжитов – «Мұқағали»журналының тілшісі, «Балабек» журналының бас редакторы, М.Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі – Гүлжайна Стыбаева шақырылды. Сонымен қатар, әдеби шараға Алматы Университетінің, Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық Университетінің, Алматы қаржы-құқықтық және технологиялық колледжінің, Алматы Полиграфия колледжінің, Алматы жаңа технологиялар колледжінің ұстаздары мен студенттері, М.Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназияның мұғалімдері мен оқушылары, кітапхананың дарынды оқырмандары қатысты.

«Жауһар жырды жүрегінде тербеген» атты слайд-презентация мен деректі фильмдер экраннан көрсетіліп тұрды. «Қазақ поэзиясының Хантәңірі» атты кітап көрмесі және «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты ақын өмірі жайында жасалған фотобейне, буклеттер әзірленді. Көрмеде халқының қуаныштары мен қасіреттерін, болмысы мен бітімін толығымен сезініп, зерделеп, әсемділікпен жырға қосқан қыран тағдырлы ақынның жыр жинақтары мен өмір белестері, шығармашылығы туралы кітаптар, «Мұқағали» журналының әр жылдағы сандары қойылды. Кітапхана қызметкерлері көрмеге шолу жасап өтті.

 

Әдеби-сазды портрет кешін №4 кітапхана қызметкері Айгерім мен  Алматы университеті «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының» 2 курс студенті Айтақын Марлен жүргізді. Алматы Университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының» студенттері Айтақын Марлен мен Әліп Нұрахмет М.Мақатаевтың мерей тойына орай шығарған өз арнауларын оқыды.

Әдеби-сазды кештің материалдары республикалық «Үш қоңыр» газетінде жарияланды

 

«Дене шынықтыру және спорт мамандығының» 2 курс студенті Насыр Ерсін М.Мақатаевтың сөзіне жазылған әндерді орындады.

 

 «Ұлы Дала Елінің шамшырағы – Тәуелсіз Қазақстан» атты дөңгелек үстел 

 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауы – жаңа сын-қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаңа жаһандық нақты ахуалда тәуелсіз еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі міндеттері мен бағыттарын анықтап берген маңызды құжат, келешегіміздің кемел де кемеңгер жоспары болып табылады. 

Міне, осыған орай, Алматы қаласы ОКЖ-нің №4 кітапханасы осы Жолдау аясында ой бөлісу үшін «Ұлы Дала Елінің шамшырағы – Тәуелсіз Қазақстан» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Мәдени шараға жоғарғы оқу орнының студенттері,Алматы университетінің студенттері, кітапхананың тұрақты оқырмандары, этномәдени бірлестіктердің  төрағалары мен қазақ ғылымының шоқтығы биік тұлғалары қатысты. 

Экраннан арнайы дайындалған «Қазақстан-2050: Мәңгілік Елге бастайтын алтын белес» атты слайд-презентация мен «Асқақ мұратпен астасқан Жолдау» тақырыбында слайд-шоу көрсетілді. Жолдау бойынша «Тәуелсіз Қазақстан: өрлеудің даңқты дәуірі», «Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдік көшбасшы», «Елбасы Жолдауы – жаһандық ахуалдың жаңа бағдары», Ұлт жоспары – жаңа қазақстандық арман», «Жаңа әлеуметтік саясат», «Ассамблея – бейбітшілік пен татулық темірқазығы», «Қазақстанның жаһандық миссиясы» атты бөлімдерден тұратын «Ұлы арман жолындағы – Тәуелсіз Қазақстан» атты кітап көрмесіне қойылған тәуелсіз еліміздің бүгінгі толағай жетістіктері туралы қойылған құнды кітаптар мен ақпараттар бойынша кітапхана қызметкерлері информревю өткізді. 

Дөңгелек үстелге арнайы қонақтар: Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Алмалы ауданы Ардагерлер Кеңесінің мүшесі – Көпбосын Панзабеков, ақын, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы – Аманхан Әлімұлы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті Экономика институтының доценті, экономика ғылымдарының кандидаты – Нұрсәуле Жанахметқызы Бірімбетова, Алматы қалалық «Нұр Отан» Партиясының саяси Кеңесінің мүшесі, қалалық «Парасат» кәсіподақ ұйымының төрағасы, профессор – Данат Жанатайұлы Жанатаев, Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, дұнған этномәдени бірлестігінің төрайымы – Зухра Хакимовна Абубекерова, Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы – Абдухалил Абдураимович Оралбаев шақырылды.

 

 

Алматы Университетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 1 курс студенті Тайшыбекова Назгүл «Елбасымыз еліміздегі білім мәселесін де  назардан тыс қалдырмайды, демек көз алдымызда жүзеге асырылып жатқан барлық бағдарламалар студенттердің өндіріс орындарында толық қанды білімін жетілдіріп,тәжірибе - дағды жинақтауын және оқу орынын бітіріп шыққан түлектердің нақты жұмысқа орналасуын қамтамасыз етеді» деп өз ойын жеткізді.

 

 

 

 

Хакім Абайға 170 ЖЫЛ

 

«Арттағыға сөзің мен ісің қалса,

 

                           Өлсең де, өлмегенмен боласың тең».          Абай

 

15 қазан Алматы қаласы кітапханалар күніне орай «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының 170 жылдығына арналған«Хакім Абай даналығы» атты дөңгелек үстел өткізді.

Ғылыми іс-шараға ғалымдар, ғылыми қызметкерлер, жоғарғы оқу орындарының ұстаздары мен Алматы Университетінің  студенттері, кітапхана және мұражай қызметкерлері қатысып, халқымыздың еш уақытта маңызын жоймайтын аса құнды рухани мұрасы болып табылатын ұлы Абай шығармашылығын жаңаша пайымдап, ғылым мен қоғамдық сананың бүгінгі жетістіктері тұрғысынан зерделеп, ақынның шығармашылығы туралы пікір алысты.

Дөңгелек үстел ҚР БҒМ ҒК«Ғылым ордасы» РМК бас директоры Роза Оспанқызы Кәрібжанованың кіріспе сөзімен ашылды. Абайтанушы ғалымдар – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, ф.ғ.д.,  Жанғара Дәдебаевпен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры, ф.ғ.д. Жамал Алшынбекұлы Шойынбет «Хакім Абай даналығы» атты тақырыпта, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ұстазы, исламтану докторы Холид Ассаид Мухаммад Ғаним мырзаның «Абайдың діни пікірлері жайлы», М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкерлері қолжазба бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.к. Тоқтар Кесімұлы Әлібеков пен Ежелгі және орта ғасырлар әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Серікбай Қылышбайұлы Қосанның «Абайдың қолжазба мұралары» жайлы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-і Түркология ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к., доцент Бақыт Әбжеттің «Қазақ даласындағы Ясауи мен Абай мектебінің дәстүрлі жалғасы», Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті Шығыстану факультетінің ұстазы Рая Қадысқызы Оразованың«Абай және араб әдебиеті» атты баяндамалары тыңдалды. Сонымен бірге А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының директоры Хабиба Мұрзақанқызы Ақжігітованың «Біздің Абай. Электронды кітапхана» мен Семей қаласының Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының Негізгі қорды сақтау бөлімінің меңгерушісі Жаңылгүл Әділбекқызы Манжибаеваның «Абай: сирек өлкетану дереккөздерінде» атты презентациялары көрсетілді.

Аталмыш шара аясында «Абай – дана, Абай – дара» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде Ғылыми кітапхана қорының құнды мұраларының бірі Абай Құнанбайұлының әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлының 1905 және 1910 жылдары жазылған қолжазбалары, ақынның алғаш 1909 жылы Санкт-Петербург қаласында және 1922 жылы Ташкентте жарық көрген баспа кітаптары қойылды. Сонымен бірге Абай Құнанбайұлының осы кезге дейін жарық көрген барлық шығармалары мен ақынның шығармашылығына арналған барлық ғылыми еңбектер оқырман назарына ұсынылды.

Алматы Университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 3 курс студенті Сәдір Айгерім қазақтың бас ақынының баға жеткісіз тағлымдары мен терең ойының, асыл мұратының әлемдік өркениет пен еліміздің дамуына қосатын үлесі туралы жан-жақты өз ой-пікірін  бөлісті.

 

 
ХАБАРЛАНДЫРУЛАР
14-05-2019
Құрметті студенттер мен оқытушылар!!!
Толығырақ
05-03-2019
Құрметті студенттер мен оқытушылар!!!
Толығырақ
12-11-2018
Халықаралық ғылыми-теориялық конференция
Толығырақ
12-11-2018
«Жалпыхалықтық диктант»
Толығырақ
25-10-2018
HackDay 2018 инновациялық идеялар фестивалі
Толығырақ
10-08-2018
Тамыз айының 19-26 аралығында Алматыдағы «Almaty Arena» мен «Halyk Arena» сарайларында ТМД елдерінің тарихында тұңғыш рет футзалдан студенттер арасында Әлем Чемпионаты өтеді.
Толығырақ

© 2008–2019, Алматы Университеті
Адрес: 050007, г.Алматы,  мкр.Аксай-3, ул.Б.Момышулы 36
Телефон: +7 (727) 248-57-48, 248-56-58

Канцелярия: +7 (727) 248-57-48
Приемная комиссия: +7 (727) 248-57-38 (внут. 116)
e-mail: info@almaty-university.kz

Старый сайт: old.almaty-university.kz Почтаға кіру:  mail.almaty-university.kz